1 курс студенттеріне кітапханалық-библиографиялық сабақтар өткізілді

0
81

2026–2027 оқу жылының қыркүйек–қазан айларында ОҚМА кітапханасында 1 курс студенттеріне арналған кітапханалық-библиографиялық сабақтар ұйымдастырылып, өткізілді.
Сабақтардың негізгі мақсаты – бірінші курс студенттерін кітапхананың ақпараттық-білім беру кеңістігімен таныстыру, кітапхана ресурстарын тиімді пайдалану, қажетті оқу және ғылыми ақпаратты өз бетінше іздеу дағдыларын қалыптастыру және ақпараттық сауаттылық деңгейін арттыру.
Сабақ барысында студенттер кітапхананың құрылымы мен қызмет көрсету тәртібі, кітап қорын пайдалану ережелері, оқу әдебиеттерін алу және қайтару тәртібімен танысты. Электрондық каталог арқылы қажетті әдебиеттерді іздеу, кітаптың қолжетімділігін анықтау және библиографиялық ақпаратпен жұмыс істеу жолдары көрсетілді.
Ерекше назар кітапхананың электрондық ақпараттық ресурстарына аударылды. Студенттерге ОҚМА кітапханасының ресми сайты, электрондық кітапханалар мен білім беру платформалары, отандық және халықаралық ғылыми деректер базалары таныстырылып, оқу мен ғылыми ізденіске қажетті ақпаратты іздеу мүмкіндіктері түсіндірілді.
Кітапханалық-библиографиялық сабақтар бірінші курс студенттерінің академияның білім беру ортасына бейімделуіне, кітапханамен тұрақты байланыс орнатуына және ақпараттық ресурстарды оқу барысында тиімді пайдалануына ықпал етеді.
ОҚМА кітапханасы – білім алушылардың сапалы білім алуына, кәсіби дамуына және ғылыми ізденістеріне қолдау көрсететін заманауи ақпараттық-білім беру ортасы.