ДОКТОРАНТТАРҒА АРНАЛҒАН АҚПАРАТТЫҚ-ПРАКТИКАЛЫҚ САБАҚ ӨТКІЗІЛДІ

0
4

2026 жылғы 15 қыркүйекте Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының Кітапханалық-ақпараттық орталығында докторанттардың ғылыми-зерттеу қызметін ақпараттық қолдауға бағытталған «Электрондық ғылыми-ақпараттық ресурстар мен деректер базаларын тиімді пайдалану» тақырыбында ақпараттық-практикалық сабақ өткізілді. Іс-шараның негізгі мақсаты – докторанттардың ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу барысында заманауи электрондық ресурстар мен халықаралық және отандық деректер базаларын тиімді пайдалану дағдыларын қалыптастыру, ғылыми ақпаратты іздеу, саралау, бағалау және дұрыс пайдаланудың тиімді тәсілдерін меңгерту.Сабақ барысында ғылыми ақпараттың заманауи кеңістігінде бағдар табудың маңыздылығы кеңінен түсіндірілді. Ғылыми зерттеудің сапасы ең алдымен сенімді, өзекті және ғылыми тұрғыдан құнды ақпарат көздерін дұрыс таңдауға байланысты екені атап өтілді.Докторанттарға ғылыми әдебиеттерді іздеу мен зерттеу тақырыбына сәйкес ақпараттарды іріктеудің практикалық тәсілдері көрсетілді. Атап айтқанда, PubMed, Scopus, Web of Science, EBSCO, IPR SMART, РМЭБ, Aknurpress, ЭПИГРАФ және басқа да электрондық ғылыми-ақпараттық ресурстардың мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды.Практикалық бөлім барысында докторанттар электрондық деректер базаларында өздерінің ғылыми-зерттеу бағыттарына сәйкес ақпараттарды іздеп, ғылыми мақалалармен және басқа да ақпараттық материалдармен жұмыс жасады. Кілт сөздерді дұрыс таңдау, іздеу нәтижелерін нақтылау, қажетті жарияланымдарды іріктеу және алынған ақпаратты ғылыми жұмыста тиімді пайдалану жолдары көрсетілді.Сонымен қатар, ғылыми дереккөздердің сенімділігін бағалау, жарияланымдардың өзектілігіне назар аудару, ғылыми ақпаратты жүйелеу және зерттеу жұмысына қажетті әдебиеттер қорын қалыптастыру мәселелері қарастырылды.